You are here

Ислам шариғатының дереккөздері

Мұсылмандар Ислам шариғаты мен үкімдерін тануда негіздер мен ірі дәлелдерге сүйеніп, одан бір мәселеге қатысты халал немесе харам екендігі туралы білім алады.

Шариғаттың жалпы дәлелдері:

  1. Құран Кәрим:

Құран Кәрим – Аллаһ Тағаланың Өз құлдарына тура жол, түсініктеме және хақ пен жалғанды ажыратушы етіп түсірген кітабы. Ол – өзгеру және алмастырылудан сақталған кітап. Аллаһ Тағала Өз кітабында бір нәрсе бұйырса немесе бір нәрседен қайтарса, барлық мұсылмандар сол бұйрыққа бойсұнуға міндетті. Егер Аллаһ «Намазды толық оқыңдар!» десе (Нұр, 24/56), біз одан намаздың парыз болғанын білеміз. Ал егер Ол: «Зинаға жақындамаңдар! Расында, ол – арсыздық және жолдардың жаманы» (Исра, 32), – десе, айқын түрде ойнасқорлықтың харам етілгенін білеміз. Аллаһ Тағала Құранды өзгеру, бір нәрсенің оған қосылуы немесе кемуінен сақтауды Өз міндетіне алған. Сондықтан бізге тек қана аяттар мазмұнының меңзелгенге қаншалықты сәйкес келетінін анықтауымыз ғана қалады.

  1. Пайғамбар  сүннеті

Аллаһ елшісінің  сөздері мен істері, мінез-құлықтары және құптаулары «сүннет» деп аталады. Егер Пайғамбарымыздың: «Әйел мен оның әпкесін және әйел мен оның нағашы әпкесін бір уақытта некеге алуға (олармен үйленуге) болмайды» (Әл-Бұхари, 5109) дегенін сенімді жолмен жеткенін білсек,   онда әйеліңнің әкесі жағынан апасына және нағашы апасына үйлену рұқсат емес әрі дұрыс емес екендігін білеміз.

Пайғамбар  сүннетінен үкім шығару үшін оған екі жақтан назар салу керек:

  • Хадистің нақты Аллаһ елшісінің  сөзі екендігінің анықталып, бекітілуі.
    Ислам ғұламалары Пайғамбар  сүннетін зерттеуде, сенімді жолдармен жеткен сахих хадистерді оған телінгенмен, сүннетіне жатпаған, әлдебіреулердің қателескендігі немесе кейбір Ислам жауларының өтірігі себепті таралған сөздерден ажырату жолында жоғары дәлдікті қолданып, орасан зор күштерін жұмсады.
  • Хадистің көздеген мағынасына қарау. Кейде хадистің мағынасы айқын, ешбір талассыз болады. Ал кейде бірнеше мағынаны қамтуы  мүмкін. Кейбір жағдайларда оны басқа хадиспен байланыстыру арқылы ғана түсінуге болады.
  1. Ижмағ:

Әлемдегі Ислам ғұламаларының кез келген  ғасырда бір мәселеге бір ауыздан келісуін «Ижмағ» деп атайды. Жалпы Ислам үкімдері мен шариғаттар мәселерінде, мәселен, намаздардың ракағаттар саны, оразада сәресі мен ауыз ашу уақытында, зекетте алтын мен күмістің өлшемінде және т.б. с.с. үкімдерде ғұламалар арасында талас жоқ.

Егер де сахабалар бір мәселеге келіссе немесе олардан кейінгілер бір сөзге тоқтаса, онда сол сөздің дұрыстығына дәлел болады. Өйткені үммет қателікке, адасушылыққа тұтастай бой алдырмайды.

  1. Қияс:

Құран мен хадисте келмеген мәселеге басқа мәселенің үкімімен салыстыра отыра үкімі мен себебін ортақтастыру арқылы тура үкім шығару. Мәселен, ата-ананы ұрудың тыйым салынғандығы Құранда «Сен ол екеуіне «уфф» деме, әрі ол екеуіне зекіме» (Исра, 17/23),  –делінгендей, оларға «уф» деп күрсінудің тыйым салынғанымен қияс қылынады. Аллаһ Тағала жоғарыдағы аятта ата-анаға зиян бермеуіміз үшін дауыс көтеруден тыйған болса, негізгі «ғилласы» (себебі) - зиян беруде біріккендігінен оларды ұрудың тыйымы одан да ауыр.  Қиясты шариғатты жетік меңгерген білім иелері ғана жасай алады. Бұл дегеніміз, қияс – нағыз мамандардың сүйенетін айқын құралы. Демек, бұрын болмаған жаңа мәселелердің үкімі осындай қияс арқылы анықталады.

Ислам шариғатының негіздері бір болса, ғұламалар неліктен келіспеушілікке түседі?

Мұны білу үшін келесі жағдайларды   білуің керек:

  1. Барша білім иелері иман мәселелері мен шариғат негіздері және діннің шарттарына бір ауыздан келіскен. Қарама-қайшылық тек қана кей фиқһи үкімдердің тармақтарында және оны қолдануда болмақ.

Бұрынғы шариғаттардың ақырғысы болған шариғатымызға деген Аллаһ Тағаланың мейірімі дінімізде жалпы қағидалар мен үкім негіздерінде ғұламалар бір ауыздан сөйлейді. Аллаһ Тағала бұл шариғатты қиямет қайымға дейін сақтауды Өз міндетіне алған.

  1. Тармақты егжей-тегжейлі (тәфсили) мәселелердегі қайшылық өмірде жиі кездесіп тұрады. Мұндай қайшылықтар бұрынғы шариғаттарда да кездескен. Керек десеңіз, тармақтық бөлшектерінде қарама-қайшылық болмаған бірде-бір ғылым жоқ. Заңгер ғалымдар заңдарды әртүрлі етіп түсіндіреді. Қазылар сол заңдарды қолдануда қайшылық қылып жатады. Тарихшылар болса, тарихтың оқиғалары мен деректерінде түрлі пікірлер айтса, дәрігерлер мен инженерлер, өнер қайраткерлері – баршасы да бір тақырыпта және оған көз-қараста әрі сараптауында түрлі түсінікте болады.

Ендеше, бөлшектік және тармақтық мәселелердегі сан алуандық ғылыми әрі әс-әрекетті өмірдің талабына сай әдеттегі іс болып саналады.

  1. Аллаһ Тағала дұрыс жолда ақиқатты талап етіп, сол ақиқатқа жетуде қателікке ұшырағанды ақтайды. Аллаһ елшісі  дұрыс жолда ақиқатты іздеп, қателік қылған адамды екі жағдайда: дұрыс тапса да, қателессе де сауапқа ие болады деп сүйіншілейді.

Дұрыс шешімге келсе, екі сауап болады. Тура бағытта болып дұрыс шешімге келе алмай қателік қылса, онда оған бір сауап бар. Хадисте айтылғандай, «Егер үкім қылушы үкім қылып, ыжтиһад қылып, дұрыс шешім шығарса, оған екі сауап бар, үкім қылып, қателік қылса, оған бір сауап жазылады» (әл-Бұхари, 7352). 

Аллаһ Тағала: Дәуд пен Сүлеймен пайғамбарлардың (оларға сәлем болсын) қиссасын келтірді. Ол екеуіне мәселеде үкім шығару ұсынылды. Екеуі де шешім шығаруда күш- жігерін салды. Сүлеймен (оған сәлем болсын) үкімінде туралық қылды да, Дәуд дұрыс үкім шығара алмады. Аллаһ Тағала екеуінің қиссасын айтып, Сүлеймен тура шешім шығарды деп, Дәудтің қателескенін хабарлағанмен, «Біз оны Сүлейменге түсіндіріп қойдық. Негізінде, Біз екеуіне де даналық пен білім бергенбіз», – деп (Әнбия, 21/79) екеуінің де білімді екенін айтып, мақтаған. Құранда былай делінеді.

  1. Барша елеулі ілім иелері мен төрт мәзһаб имамдарының барлығы Құран мен Сүннетті бастапқы негізге алып, өздерінің жеке көзқарастарын Құран және Cүннеттен жоғары қоймаған. Олардың қарама-қайшылықтары көңіл үшін болмаса белгілі арттарында мақсаттар мен жеке мүдделерін емес, ғылыми негіздерге қаланып, ақиқатқа жетуді көздеген. Біріне хадис жеткен болса, екіншісіне ол хадистің жетпеуі және Құран мен Сүннет әрі т.б. с.с. негіздерде дәлелдерді түсінуде ғылыми бағыттары әр түрлі болған-ды.
  2. Исламның ұлы ғұламалары мен фақиһтерінен төртеуі ерекше танымал болған. Бүкіл мұсылмандар олардың ғылым және дін тұрғысынан жетекші Имамдар екеніне бір ауыздан келіскен. Олар фиқһ, ғылым және діндарлықтың ең биік дәрежесіне жетіп, көп шәкірттер тәрбиелеген. Сол шәкірттері олардың білімдерін таратып, әлемнің түкпір- түкпірінде адамдарға үйреткен. Осылай мұсылман елдерінде осы төрт имамның  атымен келесі төрт діни құқықтық мектептер қалыптасты. Олар: 
  • Имам Әбу Ханифа, шын аты: Нұғман ибн Сәбит. Иракта өмір сүрген. Һижра бойынша 150 һ.ж. қайтыс болды. Ханафи мәзһабы осы имамның атымен аталады.
  • Имам Мәлік ибн Әнас әл-Әсбахи, Медина шаһарының имамы деп танылады. 179 һ.ж. дүниеден өткен. Мәлики мәзһабы оған қатысты осылай айтылады.
  • Имам Шәфиғи, шын аты: Мұхаммад ибн Идрис. Мекке мен Медине және Ирак, Мысыр шаһарларында өмір сүрген. Һижра бойынша 204 һ.ж. көз жұмды. Шәфиғи мәзһабы оған қатысты осылай айтылады.
  • Имам Ахмад ибн Ханбал, өмірінің басым бөлігін Иракта өткізген. 241 һ.ж. көз жұмды. Ханбали мәзһабы оның атымен аталады.

Негізінде, бұл төрт имам және олардың шәкірттері арасында бір-біріне деген мақтау, құрметтеу сөздері көп айтылып, бірі-бірінен білім алуға құштар болған. Олардың барлығы да туралық пен ақиқатқа еруге тырысты. Ешқайсысы да бір мәселеде біріне, екінші мәселеде басқасына еруден таршылық таппаған. Сондықтан олардың кейбірі-кейбіріне шәкірт болғанын көреміз. Ендеше, Имам Ахмад Имам Шәфиғиден сабақ алып, оған  шәкірт болса, Шәфиғи Имам Мәліктен дәріс алған. Ал Имам Мәлік пен Имам Әбу Ханифа шәкірттерінің арасында кездесулер мен ғылыми дәрістер болғаны да баршылық.

Төрт имамнан «Егер хадис сахих болса, сол менің мәзһабым» деп айтқандары сенімді тізбекпен жеткен. Олардың бастапқы мақсаты – ілім жаю мен адамдардан надандықты кетіру болған. Аллаһ олардың барлығын кең мейіріміне бөлесін.

Фиқһи қайшылық қатысты мұсылманға не міндет болады?

Мұсылманға ақиқатқа еріп, оған жетуде, ғылыми күш-жігерін жұмсау (ыжтиһад ету) қажет.

  • Егер ол дәлелдерді зерттей алатын білім ізденушілерден болса, оған «Усулул Фиқһ» ғылым ережелеріне сай дәлелдерді түсінуде ыжтиһады жеткізген нәрсеге еруі ләзім болады. Дұрысы өзге біреуден (мәзһабтан) анықталса, шейхына немесе мәзһабына тағассуб (фанатизм) қылуы харам саналады.
  • Егер қатардағы мұсылмандардан болып, яки дәлелдер анықтай алатын дәрежеге жеткен маман болмаса, ол өз пайымдауынша діні мен іліміне сенімдірек ғалымға еруде әрекет жасауы ләзім. Міне, ол мұнымен өзіне міндет болған нәрсені орындап, Аллаһ Тағаланың: «Білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар!» (Әнбия, 21/7) деген аятына ерген болады.

Егер ол айтылған көзқарастардан сенімдісін білсе немесе сөзі алынатын бір ғалымнан бір мәселе жөнінде сұраса, ол одан кейін басқа ғалымнан сол мәселені анықтауға міндетті емес. Алайда білгеніне қарама-қайшы келетін көзқарасты білсе, науқас адамның  дәрігерлердің әр түрлі ем жолын айтқанына қарамастан, сенімдірегіне жүгінгені секілді, өз ойынша ақиқатқа жақынырағына ілесу міндет болады. 

Көзқараста қайшы келсе де, екінші тараптағы мәзһабқа еретін немесе ижтиһад пен фиқһ ғалымы саналатын, болмаса сөзі алынатын елеулі ғалымға ерген мұсылманды айыптап, жек көрініштік білдіруге болмайды. Шынтуайында, сахабалар мен бұрынғы салиқалы ғалымдар фиқһи мәселелерде қарама-қайшылық қылды. Алайда сол қайшылықтар олардың араларындағы махаббат пен бауырмашылыққа сызат түсірген емес. Олар бір-бірін айыптамастан, өзара ғылыми сұхбаттар, талқылаулар  жүргізетін.

Мұсылманның жеңілдетілген анықтамалығы

«Мұсылманның жеңілдетілген анықтамалығы» сайты, «Мұсылманның жеңілдетілген анықтамалығы» кітабының электрондық нұсқасы. Ол «Заманауи анықтамалық» компаниясының бір проектісі болып табылады. Бұл кітап 15-тен артық тілге аударылып, мазмұны бірнеше электрондық айрықша үлгілерінде қамтамасыз етілді.

“MODERN GUIDE” серіктестігі