You are here

Ислам үкімдерін үйрену

Әрбір мұсылманға өмірдің барлық салаларына, құлшылығы, мәмілесі мен қарым-қатынастарына  қатысты шариғат үкімдерін үйреніп алғаны жөн. Нәтижесінде, ол құлшылықты білім және дәлелге негіздеп атқаратын болады. Пайғамбарымыз : «Кімге Аллаһ жақсылық қаласа, діннен терең түсінік береді», – деген (әл-Бұхари, 71; Муслим, 1037).

Демек, ол өзіне міндеттелген намаз бен дәретті, тағамдар мен сусындардан өзіне рұқсат етілгені мен тыйым салынғанын және осы тәрізді басқа да нәрселерді білуге міндетті. Ал бұдан басқа шариғат үйренуге қызықтырған нәрселерді білуге міндетті болмаса да, мустахаб, яғни ұнамды амалдар қатарына жатады.

Шариғат үкімдері

Шариғатта адамның барлық істері, сөздері және әрекеттері келесі жағдайлардан шықпайды:

Уәжіп

Аллаһтың бұйырған нәрселері. Оны орындаған адам сауап алып, тәрк еткен жазаланады. Егер үзілді-кесілді түрде (анық дәлелмен) келген болса, ол парыз (فرض) деп аталады. Мысалы, бес уақыт намаз, Рамазан айының оразасы парыз деп аталады.

Харам (және тахрими макруһ)

Аллаһтың тыйым салған нәрселері. Оны тәрк еткен адам сауапқа кенеліп, істеген адам жазаға тартылады. Мысалы, зинақорлық, мас қылушы ішімдіктер ішу.

Сүннет және мустахаб

Исламда қызықтырылған (жасалынуы үнделген, ұнатылған) амалдар. Оны істеген адам сауап алып, істемеген жазаланбайды. Мысалы, адамдарға күлімсіреу (жылы шырай таныту), сәлемді бірінші болып беру, жолда жатқан жайсыз нәрселерді алып тастау.

Макрух танзиһи (жағымсыз нәрселер)

Ислам тәрк етілуін құптаған амалдар. Оны істемеген адам сауап алса, істеген жазаға тартылмайды. Мысалы, намаз кезінде саусақтармен ойнау.

Мубах (рұқсат етілген нәрселер)

Яғни, істелінуі немесе тәрк етілуіне қатысты ешбір бұйрық немесе тыйым келмеген жеу, ішу, сөйлеу сияқты амалдар.

Исламның бес тірегі

Пайғамбар : «Ислам бес нәрсе үстінде құрылған. Олар: Аллаһтан басқа (құлшылыққа лайық) ешбір құдай жоқ, Мұхаммед Оның елшісі (деп) куәлік беру, намаз оқу, зекет беру, қажылыққа бару және Рамазан айында ораза ұстау», - деген (әл-Бұхари, 8; Муслим, 16)

Осы бес парыз—діннің тіректері және ұлы діңгектері. Келесі тарауларда біз осы тіректердің әрқайсысына жеке тоқталып, үкімдерін егжей-тегжейлі түсіндіреміз.

Солардың ең алғашқысы—иман және таухид. Ол туралы «Мұсылманның иманы» деп аталатын келесі тарауда сөйлесеміз.

Одан соң құлшылықтың ең ұлығы да мәртебелісі болған намаз тарауы келеді. Пайғамбар : «Намаз - діннің тірегі», - деген (әт-Тирмизи, 2749). Яғни, намаз—үстіне Ислам діні құрылған іргетас секілді. Онсыз Ислам – Ислам емес.

Алайда, намаз дұрыс болу үшін, мұсылман адам оны дәрет алған күйде өтеу керек. Сондықтан «Мұсылманның иманы» деген тараудан кейін, алдымен «Мұсылманның тазалығы», одан соң «Мұсылманның намазы» деген тараулар келеді.

Исламның тіректері

  1. Аллаһтан басқа (құлшылыққа лайық) ешбір құдай жоқ екеніне және  Мұхаммед Оның елшісі екеніне куәлік  беру
  2. Намаз оқу
  3. Зекет беру
  4. Рамазан айында ораза ұстау
  5. Қажылық

Мұсылманның жеңілдетілген анықтамалығы

«Мұсылманның жеңілдетілген анықтамалығы» сайты, «Мұсылманның жеңілдетілген анықтамалығы» кітабының электрондық нұсқасы. Ол «Заманауи анықтамалық» компаниясының бір проектісі болып табылады. Бұл кітап 15-тен артық тілге аударылып, мазмұны бірнеше электрондық айрықша үлгілерінде қамтамасыз етілді.

“MODERN GUIDE” серіктестігі