You are here

Табу жолы харам болғандар

2- Екіұштылық (ғарар) пен белгісіздік (жаһалә)

Бұл - мазмұнында қандай да бір белгісіздігі (анықсыздығы) бар, кейін екі тараптың өзара дауласып, жанжалдасуына себеп болатын немесе бір тараптың екінші тарапқа зұлымдық жасауына негіз болатын екіұштылығы бар келісімдер.

Ислам шариғаты келешекте бұл нәрсе әділетсіздікке, алдап-арбауға, дау-жанжалға алып келетіндіктен оған тыйым салды. Мұндай келісімдер тіпті екі жақтың разылығымен жасалса да, харам болып табылады. Пайғамбар  белгісіздікті, екіұштылықты қамтитын нәрсені сатудан қайтарған (Муслим, 1513).

Қандай да бір мөлшерде белгісіздігі болып, болашақта ұрыс-керіс пен жанжалға апаратын барлық келісім-шарттарға тыйым салынған

Құрамында екіұштылық (ғарар) пен белгісіздігі (жаһалә) бар болған сауда-саттық:

  1. Жеміс-жидекті оның тұтынуға жарамдылығы мен жинап алуға жарамдылығы анықталмай жатып сату. Пайғамбар  мұндай сатуға тыйым салды. Өйткені ол жеміс піспей жатып бұзылып кетуі мүмкін. Яғни, жемістің пісу-піспеуі белгісіз.
  2. Қандай да бір мөлшерде ақша төлеп, ішінде не барын білмей, бір қорап немесе жәшік сатып алу. Оның ішінде бағалы зат болуы мүмкін, сондай-ақ түкке тұрмайтын зат та болуы мүмкін.

Белгісіздіктің әсері болатын жағдайлар

Егер жасалатын келісім-шартта белгісіздік пен екіұштылық көптеп кездеспесе немесе олар негізгі емес, қосалқы тармақтарда ғана болса, бұл келісім-шартты жасауға тыйым салынбайды. Мысалы үйдің құрылысы мен бояуына т.б. нәрселеріне қандай материалдарды қолданғанын білмесе де, мұсылман баласына ол үйді сатып алуына рұқсат. Өйткені бұл – мардымсыз ғана белгісіздіктер. Және ол келісімнің негізгі емес, қосалқы тармақтарында кездеседі.

3- Зұлымдық және өзгелердің мүлкін заңсыз түрде иемдену

Зұлымдық–бұл исламның оны жасаудан аулақ болуды ескерткен ең жаман істердің бірі. Пайғамбар  айтқандай: «Зұлымдық–Қиямет күні қараңғылық (болып алдыңнан шығады)» (әл-Бұхари, 2315; Муслим, 2579). Біреудің мүлкін заңсыз иемдену, тіпті, оның мөлшері кішкентай болса да, шариғат бойынша үлкен күнә және ауыр қылмыс болып саналады. Әрі бұл нәрсені жасаушыға Ахиретте ауыр жаза уәде етілген. Аллаһ елшісі : «Кім зұлымдық жолымен бір қарыс жер иемденген болатын болса, Ахиретте мойнына жеті жермен қарғы кигізіледі», – деген (әл-Бұхари, 2321; Муслим, 1610).

Қарым-қатынастардағы зұлымдық мысалдары

  1. Өзгенің мүлкін әділетсіз иемдену мақсатында алдау және алаяқтық жасау – өте ауыр күнәлардың бірі. Пайғамбарымыз : «Кім бізді алдаса – бізден емес», – деген (Муслим, 101). Бұл хадиске келесі оқиға себеп болған. Бірде Пайғамбар  базарға бара жатып, бір үйінді тұрған тағамды (бір үйме бидай) көзі шалады. Арасына қолын салып көріп, оның ішіндегі біршамасының дымқыл тартқанын байқайды да, сатушыға: «Ей, бидайдың иесі! Мынауың не?» - деп дүрсе қояды. Oл болса: «Я, Аллаһтың елшісі оған аспан (яғни, жаңбыр) тиді», -дейді. Сонда Пайғамбар : «Адамдар көретіндей бетіне шығарып қоймадың ба?» - деді. Одан соң: «Кім бізге алаяқтық жасаса, ол бізден емес», - деп сөзін қайырады (әт-Тирмизи, 1315).
  2. Өзгенің мүлкін әділетсіздік жолмен иемдену мақсатында заңды ойыншыққа айналдыру, заңға алаяқтық жасау; мұның мәні кейде адамның тапқырлығы мен қулығы соншалықты, өзгенің мал-мүлкін заңды жолмен-ақ, сот арқылы да иемдене алады. Алайда, соттың шешімі жалғанды ақиқатқа айналдыра алмайды. Пайғамбар : «Шынында, мен де (сендер секілді) адаммын. Сендер маған өз дауларыңды айтып келесіңдер. Біреудің дәлелі екіншіден күштірек болып, мен естігеніме сүйене отырып, оның пайдасына шешім қабылдауым мүмкін. Кімге мен өзге бауырының хақысын оның пайдасына шешіп беріп жатсам, оны ешқашан алушы болмасын. Өйткені мен оған тозақ отының бір бөлігін беріп жатқан боламын», - деген (әл-Бұхари, 6748; Муслим, 1713).
  3. Зорлық ету; қандай да іскерлік қарым-қатынас жасалмасын, онда бір нәрсеге мәжбүрлеу немесе тараптардың бір-біріне зорлық етіп, көндірулеріне жол жоқ. Әрі келісім екі жақтың бірдей ризашылығымен ғана жасалуы шарт. Пайғамбар  айтқандай: «Шынында, сауда-саттық екі жақтың разылығымен жасалады» (Ибн Мәжаһ, 2185).
  4. Пара; бұл кісінің бір нәрсеге заңсыз қол жеткізуі үшін біреуге ақша беруі немесе қандай да бір қызмет атқарып беруі. Бұл – күнәлардың ең жеккөрініштісі және ең ауырларының бірі. Аллаһ елшісі  пара берушіге де, пара алушыға да лағынет айтқан (әт-Тирмизи 1337).

Пара беру тараған қоғам оңбайды, керісінше, бұзылып, берекесі кетеді. Әрі ондай қоғамның дамуы мен өркендеуі тоқтайды.

Мұсылманның жеңілдетілген анықтамалығы

«Мұсылманның жеңілдетілген анықтамалығы» сайты, «Мұсылманның жеңілдетілген анықтамалығы» кітабының электрондық нұсқасы. Ол «Заманауи анықтамалық» компаниясының бір проектісі болып табылады. Бұл кітап 15-тен артық тілге аударылып, мазмұны бірнеше электрондық айрықша үлгілерінде қамтамасыз етілді.

“MODERN GUIDE” серіктестігі