You are here

Елшілерге иман келтіру

Адамзаттың елшілерге деген мұқтаждығы

Адамзат өздеріне шариғатты (Аллаһтың заңын) түсіндіріп, оларды дұрыс нәрселерге бастайтын елшілерге мұқтаж болған. Елшілік – әлемнің рухы, нұры және тірі іспетті нәрсе. Рухы, тіршілігі және нұры болмаған әлем қалайша түзу болсын? 

Сондықтан Аллаһ Тағала елшілікті «рух» деп атады. Бұл туралы Құранда: «Осылай етіп, Біз саған Өз әмірімізден рухты уахи еттік. Сен Кітаптың да, иманның да не екенін білмегенсің. Алайда оны құлдарымыздан қалағанымызды тура жолға бастау үшін, оларға жолды көрсететін нұр еттік», – деген  (Шура, 42/52).

Бұған қоса, ақыл жақсыны жаманнан жалпылай айыра білгенмен, оның егжей-тегжейі мен тармақты тұстарын, құлшылықты және оны атқару тәртібін уахи және елшілік болмаса, біле алмайды. 

Демек, екі дүние бақыты мен шынайы табысқа елшілерсіз жету мүмкін емес. Сол секілді оларсыз жақсы мен жаманды дәлме-дәл ажырату да мүмкін емес. Елшіліктен бет бұрғандар оған қарсы қарсы келіп, жалтарғанына қарай тұрақсыздық, уайым-қайғы және бақытсыздыққа ұшырайды.

Иман тіректерінің бірі

Елшілерге иман келтіру – иманның алты тірегінің бірі. Аллаһ Тағала: «Елші Аллаһтың өзіне түсіргеніне иман келтірді. Мүминдер де иман келтірді. Олардың барлығы Аллаһқа, Оның періштелеріне, кітаптарына және елшілеріне иман келтірді. Олар «Елшілердің араларын айырмаймыз» деді», – деген (Бақара, 2/285).

Бұл аят пайғамбарлардың барлығына бірдей, арасын ажыратпастан иман келтірудің міндеттілігіне дәлел болады. Біз пайғамбарлардың кейбіріне иман келтіріп, кейбіріне қарсы шыққан яһудилер мен христиандар секілді емеспіз.

Сондай-ақ Аллаһтың елшісі  иманның не екенін түсіндіріп: «Аллаһқа, Оның періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне, Ахирет күніне иман келтіруің және тағдырға, оның жақсысы мен жаманына иман келтіруің», – деген (Муслим, 8).

Елшілерге иман келтірудің мағынасы

Елшілерге иман келтіру дегеніміз – Аллаһ Тағаланың әрбір үмметке өздерінен болған, оларды ешбір серігі болмаған бір Аллаһ Тағалаға құлшылық етуге шақырған елші жібергенін, барлық елшілердің шыншыл, сөзін ісімен растаушы, тақуа да сенімді, өздері тура жолмен жүріп, өзгелерді тура жолға бастаушы; сондай-ақ олардың Аллаһтың өздеріне түсіргенін толық, одан ешнәрсе жасырмай, өзгертпей, өздерінен бір әріп те қоспай не кемітпей жеткізгендерін шәксіз рас деп білу. Аллаһ Тағала: «Елшілердің анық жеткізуден басқа міндеті бар ма?», – деген (Нәхл, 16/35).

Аллаһ Тағала адамзаттан қайсыбір үмбет болмасын, олардың барлығына пайғамбардың жібергенін және де Оның жолдауы жетпегендердің ешқайсысын азаптамайтынын хабарлады

Елшілердің белгілері мен мұғжизалары

Аллаһ Тағала Өзінің елшілерінің пайғамбарлықтарын және шыншыл екендерін дәлелдеу үшін оларға әр түрлі куәлік пен дәлелдер арқылы қолдауын көрсетті. 

Олардың шыншыл және пайғамбар екендері мойындалу үшін, осы қолдауынан адам қолынан келмейтін айқын дәлелдер мен мұғжизалар жіберді.
Мұғжиза дегеніміз: адам қолынан келмейтін және де ол нәрсені қарапайым кісілер қайтала алмайтын, кәдімгі нәрселерден тыс Аллаһ Тағала Өзінің пайғамбарлар және елшілерінің қолынан келе алатын қылып көрсететін ғажайып нәрселер.

Мысалы:

  • Мұса пайғамбардың (оған Аллаһтың сәлемі болсын) таяғы жыланға айналуы
  • Иса (оған Аллаһтың сәлемі болсын) өзінің қауымына олар үйлерінде не жеп, не сақтайтынын айтуы
  • Біздің пайғамбар Мұхаммед (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) үшін айдың қақ екіге бөлінуі.

Елшілерге иман келтіру нені қамтиды?

  • Олардың елшілік миссиялары Аллаһ Тағаладан келген ақиқат екеніне, барлық елшілердің ешбір серігі болмаған бір Аллаһқа құлшылық жасауға бірауыздан уағыздағанына сену. Аллаһ Тағала: «Біз әрбір үмметке «Аллаһқа құлшылық етіңдер, тағуттан аулақ болыңдар» деп, елші жібергенбіз», – деген (Нәхл, 16/36).

Соның өзінде, пайғамбарлардың шариғаттарында халал мен харамға қатысты тармақты мәселелерде, сол үмметтерге лайық болған өзгешеліктер орын алуы мүмкін. Аллаһ Тағала: «Сендердің әр қайсыңызға жеке шариғат және діни жол белгілеп бердік», – деген (Мәида, 5/48).

  • Елшілер мен пайғамбарлардың барлығына иман келтіру. Аллаһ Тағаланың пайғамбарлардан Мұхаммед, Ибраһим, Мұса, Иса және Нұх (барлығына да Аллаһтың сәлемі болсын) секілді есімдерін атағандарына, ал есімін білмегенімізге жалпылай түрде иман келтіреміз. Олардан біреуін елші деп мойындамаған адам барлығына да сенбеген болады.
  • Олар туралы Құран және Сүннетте келген сенімді хабарлар және Мұсаға теңіздің қақ бөлінуі  (құрғақ жолдың пайда болуы) сияқты мұғжизаларды рас деп білу.
  • Бізге жіберілген елшінің шариғаты бойынша амал жасау. Ол – елшілердің ең абзалы әрі соңғысы Мұхаммед, саллалаһу алейһи уә сәллам.

Елшілердің кейбір сипаттары

  1. Олар кәдімгі адамдар. Алайда олардың басқа адамдардан айырмашылығы - Аллаһтың оларды уахи және елшілікпен ерекшелеуінде. Бұған қатысты Аллаһ Тағала: «Cаған дейін өзіміз уахи еткен ерлерді ғана жібердік», – деген (Әнбия, 7).
    Оларда раббылық та, иләһи де қасиеттер жоқ. Алайда олар – сыртқы дене бітімі мен мінез-құлық жағынан кемелдікке жеткен жандар. Сонымен бірге олар адамдардың ең тектілері. Елшілік жұмыстарын көтеру және пайғамбарлық міндеттерді атқаруы үшін Аллаһ оларды басқалардан басым келетін ақыл мен анық, түсінікті сөйлеу қабілетін берген.
    Аллаһ Тағаланың адамдарды елшілікке таңдауы, олардың басқаларға үлгі болуымен байланысты. Сол кезде елшіге еріп, оны үлгі тұту олардың шамасы мен мүмкіндіктері келетін нәрсеге айналады.
  2. Олардың елшілікке таңдалуы. Аллаһ Тағала оларды басқа адамдардың арасынан елшілікке таңдады. Аллаһ Тағала: «(Ей, Мұхаммед! Оларға) «Мен бар болғаны өздерің секілді адаммын, маған Құдайыңыз бір-ақ Құдай екені уахи етілуде» деп айт», – деген (Кәһф, 110).
    Пайғамбарлық пен елшілікке рухани тазалық, зеректік немесе жетік ой арқасында қол жеткізу мүмкін емес. Негізінде, пайғамбарларды адамдар арасынан Аллаһтың Өзі таңдайды. Бұл туралы Аллаһ Тағала: «Елшілікті кімге беруді Аллаһтың Өзі біледі», – деген (Әнғам, 6/124).
  3. Олар Аллаһтан уахиін жеткізуде қателесуден сақтандырылған. Бұл олардың Аллаһтың уахиін жеткізуде және өздеріне уахи етілгенді орындауда қателеспейтіндерін білдіреді. 
  4. Шыншылдық (әс-сыдқ). Елшілер сөздері мен істерінде шыншыл болып келеді. Аллаһ Тағала: «Бұл аса Мейірімдінің уәде еткені және елшілердің айтқан шындығы», – деген (Йә Син, 52).
  5. Сабыр. Пайғамбарлар адамдарды Аллаһтың дініне үндеп, оларды Жәннатпен сүйіншілеп, тозақтан сақтандырды. Сөйтіп, олар талай жапа шегіп, көптеген ауыртпашылықтарға ұшырады. Сонда да сабыр етіп, Аллаһтың сөзін үстем ету жолында небір машақаттарды көтере білді. Бұған байланысты Аллаһ Тағала: «Елшілердің аса төзімділері сабыр еткендей сабырлы бол», – деген (Әхқаф, 35).

Елшілерге иман келтірудің нәтижелері 

Елшілерге иман келтірудің ұлы нәтижелері бар:

  1. Аллаһ Тағаланың Өз құлдарына деген мейірімі мен қамқорлығын тану. Аллаһ жіберген елшілер адамдарды тура жолға бастап, оларға Аллаһқа қалай құлшылық жасауды түсіндіріп берді. Өйткені адам баласы оны білуге ақылымен жете алмайды. Аллаһ Тағала Пайғамбарымыз туралы: «Біз сені мейірім ретінде ғана жібердік», – деген (Әнбия, 107).
  2. Аллаһқа осындай ұлы нығмет нәсіп еткені үшін шүкір ету.
  3. Елшілерді жақсы көру, олардың қадірін білу әрі оларға лайық түрде мақтаулар айту. Өйткені олар өмірлерін Аллаһқа құлшылық жасаумен, уахи жеткізу және үмметтеріне насихат айтумен өткізген еді.
  4. Елшілер Аллаһтан жеткізген жолдауға ілесу әрі оған амал жасау. Ол жолдау – ешбір серігі болмаған жалғыз Аллаһқа ғана құлшылық жасау. Осылай мүминдер бұл өмірде жақсылық пен тура жолға және екі дүние бақытына қол жеткізген болады.

Аллаһ Тағала: «... Кім Менің басшылығыма ерсе, адаспайды да бақытсыз болмайды.  Ал кім Менің Зікірімнен бет бұрса, әлбетте, ол тар күнкөріске тап болады», – деген (Та Һа, 20/123-124).

«Муса тауы» деп аталатын тау Синай түбегінде орналасқан. Кейбір зерттеушілердің айтуы бойынша, ол тау Аллаһтың Мусамен (оған Аллаһтың сәлемі болсын) тілдескен тауы деп айтады

Мұсылманның жеңілдетілген анықтамалығы

«Мұсылманның жеңілдетілген анықтамалығы» сайты, «Мұсылманның жеңілдетілген анықтамалығы» кітабының электрондық нұсқасы. Ол «Заманауи анықтамалық» компаниясының бір проектісі болып табылады. Бұл кітап 15-тен артық тілге аударылып, мазмұны бірнеше электрондық айрықша үлгілерінде қамтамасыз етілді.

“MODERN GUIDE” серіктестігі