You are here

Бес қажеттілік

Адамның баянды өмір сүруі үшін аса маңызды ұлы мүдделерді шариғатта «Бес қажеттілік» деп атайды. Барлық шариғаттар осы бес қажеттілікті сақтауды бұйырып, оған қарама-қайшы келетін нәрселерге тыйым салған.

Мұсылмандар бұл дүниеде аман-есен, қауіп-қатерсіз дүниесі мен Ахиретіне амал жасауы үшін Ислам осы бес қажеттілікке ұқыптылық танытып, ерекше көңіл бөлген. 

Нәтижесінде, мұсылман қоғамы қабырғалары бірін-бірі тіреп тұрған құрылыстай және бір жері ауырса, басқа мүшелерінен маза кетіп, ұйықтай алмаған дене тәрізді берік бір үммет болып өмір сүреді. 

Бес қажеттілікті сақтау екі нәрсемен жүзеге асады: 

Оны орнату және көңіл бөлу;

Селқостық пен кемшіліктерден қорғау.

Біріншісі: Дін

Қажеттіліктердің ең маңыздысы—дін. Аллаһ Тағала адам баласын осы қажеттілік үшін жаратып, оны жеткізу әрі сақтау үшін пайғамбарларды жіберген. Аллаһ Тағала: «Расында, Біз әрбір үмметке «Аллаһқа құлшылық жасаңдар және тағуттан аулақ болыңдар» деп елші жібердік», - деген (Нәхл, 16/36).

Ислам шариғаты діннің өз қалпында сақталуына және  оның тазалығына нұқсан келтіріп, кері әсерін тигізетін ширк, теріс нанымдар, кірме бидғаттар немесе күнәлар мен харам нәрселерден қорғалуына ерекше мән берген.

Екіншісі: Дене

Аллаһ Тағала адам денесін, тіпті харам етілген нәрселерді жасауға тура келсе де, сақтауға бұйырды. Өйткені қиналған жағдайда тыйым салынған нәрселерді істеу кешіріледі. Аллаһ Тағала: «Кімде-кім зұлымдық қылмай және шектен шықпай (өлексе, доңыз немесе Аллаһтың аты аталмай сойылған нәрселерді) жеуге мәжбүр болса, күнәһар болмайды. Расында, Аллаһ Кешіруші, ерекше Рақымды»,—деген (Бақара, 2/173).

Сонымен бірге, Аллаһ Тағала адам өлтіруді және оған қандай да зиян тигізуге тыйым салып: «Өздеріңді өз қолдарыңмен өлімге тастамаңдар»,—деген (Бақара, 2/195).

Ислам адамдарға, олардың қай дінді ұстанғанына қарамастан, нақақ соқтығуға жол бермейтін діни жазаларды бекітіп: «Ей, иман келтіргендер! Сендерге қысас (есе қайтару) парыз етілді»,—деген (Бақара, 2/178). Және «Сендер үшін қысаста (кісі өлтіргенді өлтіруде) тіршілік бар. Әрине сақсынарсыңдар» (Бақара, 2/179)

Үшіншісі: Ақыл:

Аллаһ Тағала ақыл мен санаға кері әсер ететін барлық нәрселерге тыйым салды. Өйткені ақыл  – Аллаһ Тағаланың адам баласына тарту еткен ең ұлы игілігі, сондай-ақ қадір-қасиетке бөлену және дұрыс пен бұрысты ажыратуының алғышарты. Сонымен бірге осы дүниедегі және Ахиреттегі жауапкершілік пен есеп адамның ақылына қарай бағаланады.

Сондықтан Аллаһ Тағала ақылға аса зиянды алкогольді ішімдіктер мен есірткінің барлық түрлеріне тыйым салды. Оны шайтан амалынан болған лас нәрселер қатарына жатқызып: «Ей, иман келтіргендер! Шын мәнінде, шарап, құмар ойындар, пұттар мен бал ашатын оқтар – шайтанның амалынан болған лас нәрселер. Мұраттарыңа жетулерің үшін, бұдан аулақ болыңдар»,–деген (Мәида, 5/90).

Төртіншісі: Нәсіл (тек, ұрпақ, көбею қабілеті)

Исламның нәсілді сақтап, перзенттері ұлы қасиеттер негізінде тәрбиеленетін отбасы және әулет құруға бағытталған ерекше қамқорлығын келесі шариғаттың мына үкімдерінен байқауға болады:

•    Ислам діні үйленуге, отбасы құрумен байланысты істерді жеңілдетуге және оған қаражат жұмсауда шектен шықпауға шақырады. Аллаһ Тағала: «Араларыңдағы бойдақтарды үйлендіріңдер», – деген (Нұр, 24/32).

•    Ислам барлық күнәлі қарым-қатынастарға тыйым салып, оған алып баратын барлық жолдарды жауып тастаған. Бұл туралы Құранда: «Зинаға жақындамаңдар. Өйткені ол – арсыздық әрі жолдардың ең жаманы», – делінген (Исра, 17/32).

•    Ислам адамдардың тегіне, ар-намысына тіл тигізуге тыйым салып, оны ең ауыр күнәлар қатарына жатқызды. Сонымен бірге тіл тигізушіге Ахиретте жолығатын азаптан тыс, бұл дүниеде де шариғи жаза белгіледі.

•    Ислам ер мен әйелдің қадір-қасиетін сақтауды бұйырып, өзінің және отбасының ар-намысын қорғау барысында өлген адам Аллаһ жолында қаза болған шаһид деп есептеледі.

Бесіншісі: Мал-мүлік:

Ислам мал-мүлікті сақтауға ұқыпты болғандарға ризық талап етуді міндеттеп, қажетті қарым-қатынастар, алыс-беріс және сауда-саттық жасауға рұқсат етті.

Сонымен бірге Құранда оны сақтау үшін өсімқорлықты, ұрлықты, алдауды, қиянат жасауды, адамдардың малын нақақ жеуді харам етіп, осы тәрізді нәрселерді жасағандарға жазаның ең ауыр түрлері берілетінін ескертті.

Мұсылманның жеңілдетілген анықтамалығы

«Мұсылманның жеңілдетілген анықтамалығы» сайты, «Мұсылманның жеңілдетілген анықтамалығы» кітабының электрондық нұсқасы. Ол «Заманауи анықтамалық» компаниясының бір проектісі болып табылады. Бұл кітап 15-тен артық тілге аударылып, мазмұны бірнеше электрондық айрықша үлгілерінде қамтамасыз етілді.

“MODERN GUIDE” серіктестігі