You are here

Аллаһқа иман келтіру

Сәжде – Жаратушыға берілгендіктің ең ұлы көрінісі

Аллаһ Тағалаға иман келтірудің мағынасы

Аллаһ Тағалаға иман келтіру дегеніміз - Оның бар екеніне, Раббы екеніне, құлшылық жасалуға лайықты жалғыз құдай екеніне және Оның есімдері мен сипаттарына сенуді білдіреді. 

Осы  төрт нәрсені біз келесі тәртіп бойынша егжей-тегжей талқылап баяндаймыз:

  1. Аллаһ Тағаланың бар екеніне иман келтіру

Аллаһ Тағаланың фитрасы

Аллаһтың бар екенін мойындау, адамдағы фитрада, яғни бастапқы табиғатында, жаратылысында бар нәрсе. Басқа сөзбен айтқанда, Аллаһ Тағала адам баласын Өзін мойындаған халде жаратқан. Бұл аса көп дәлел келтіруді қажет етпейді. Сондықтан адамдардың көбі діні мен ағымдарының алуан түріне қарамастан, Аллаһтың бар екенін мойындайды. 

Біз жүрегіміздің түкпірінен Аллаһтың бар екенін сеземіз және көп адамдар осы сезімді өшірмекші болып, оған немқұрайлы қараса да, қиналған кезімізде иманды фитрамызбен, Аллаһ ішімізге орнатқан діншілдік сезімімізбен Оған жалбарынамыз. 

Сол сияқты біз дұға қылғандардың дұғасының қабыл болғанын, тілегінің орындалғанын, қиналғандарға жауап берілгенін естіп-біліп жүреміз. Осының барлығы Аллаһтың бар екеніне бұлтартпас дәлелдер болып табылады. 

Аллаһ бар екеніне дәлелдер оны атап, түгендеуімізден де көп. Солардың кейбіріне тоқталсақ:

  • Әрбір адам кез-келген қозғалыстың қозғаушысы бар екенін біледі. Біз әрдайым көріп жүрген көптеген жаратылыстардың да жаратушысы болуы тиіс. Ол жаратушы—Аллаһ Тағала. Өйткені жаратылғанның оны жаратқан Жаратушысыз жаратылуы мүмкін емес. Сол сияқты оның өзін өзі жаратуы да мүмкін емес. Өйткені Аллаһ Тағала: «Әлде олар ешнәрсесіз жаратылды ма, әлде өздері жаратушылар ма?»—деп айтқандай (Тур, 52/35), ешбір нәрсе өзін жарата алмайды. Аяттың мағынасы: олар Жаратушының қатысуынсыз жаратылмаған және өздерін-өздері жаратқан емес. Демек, бұл олардың жаратушысы Аллаһ Тағала екенін көрсетеді.
  • Әлемдік жүйенің реттелуі, аспан, жер, жұлдыздар мен ағаштар бұл әлемнің жалғыз жаратушысы бар екеніне бұлтартпас дәлел болып табылады. Ол Жаратушы—Аллаһ Тағала. Осыған байланысты Құранда: «Бұл–барлық нәрсені ең жетілген халде, ақаусыз етіп жасаған Аллаһтың жасап шығарғаны»,—делінген (Нәмл, 27/88).

Мәселен, аспан денелері мен жұлдыздар тұрақты да ақаусыз тәртіп бойынша қозғалады. Әрбір аспан денесі (планета) өз орбитасымен, одан аспай, шегінен шығып кетпей, қозғалыста болады.

Аллаһ Тағала: «Күн айды қуып жете алмайды және түн де күндізден озып кете алмайды. Әрқайсысы кеңістікте жүзіп жүреді»,—деген (Ясин, 36/40).

  1. Аллаһ Тағаланың Раббы екеніне иман келтіру

Аллаһ Тағаланың Раббы екеніне иман келтірудің мағынасы:

Бұл дегеніміз—Аллаһ Тағаланың әрбір нәрсенің Раббысы, Иесі, Жаратушысы, ризық берушісі, сондай-ақ Ол жан беруші, жан алушы, пайда келтіруші және зиян тигізуші екендігін, бүкіл бұйрықтың Оған ғана тән екенін, жақсылық бүтіндей Оның қолында, Оның барлық нәрсеге Құдіретті екенін және осы айтылған нәрселерде Оның ешбір серігі жоқ екендігін мойындап, шын жүректен растау.

Бұдан шығатын қорытынды—бұл Аллаһ Тағаланы Оның істерінде жеке-дара деп білу. Ал бұл мына нәрселерге сенумен жүзеге асады:

  • Аллаһ бұл әлемнің бірегей жаратушысы әрі Одан басқа жаратушының жоқ екеніне; Аллаһ Тағала: «Ол әрбір нәрсенің Жаратушысы», - деген (Зумар, 39/62).
    Адамның жасағандарына келер болсақ, ол бір қалыптан басқа қалыпқа өзгерту немесе бір нәрсені жинау, құрастыру сияқты жәй істер ғана, оны басқа бір жаратылыс немесе жоқтан бар етіп не болмаса өлгеннен кейін қайта тірілту емес.
  • Аллаһ барлық жаратылыстардың ризық берушісі (асыраушысы) және Одан басқа ризық берушінің жоқ екендігіне; Аллаһ Тағала: «Жер бетіндегі өрмелеген барлық нәрсенің ризығы Аллаһтың міндетінде», – деген (Һуд,11/6).
  • Оның барлық нәрсенің Иесі екендігіне; Аллаһ Тағала: «Аспандар мен жердің әрі ол екеуінің арасындағы нәрселердің иелігі Аллаһқа тән», – деп айтқандай (Мәида, 5/120), Одан басқа шынайы түрде Ие болған еш нәрсе жоқ.
  • Оның барлық нәрсенің басқарушысы, Одан өзге басқарушы жоқ екендігіне сену. Бұл жайлы Аллаһ Тағала: «Ол аспаннан жерге дейін барлық істі Өзі басқарады», – деген (Сәжде, 32/5).
  • Алайда адамның өз істері мен өміріне басшылық жасап, оны жүргізіп реттеуі оның қолында болғаны және шамасы келгенімен шектеледі. Бірде оның басқаруының нәтижесі болады, бірде болмайды. Бірақ Аллаһтың басқаруы бәрін қамтиды, еш нәрсе одан тыс қала алмайды, ол әркез орындалып, еш нәрсе оған кедергі болмайды да қарсы шықпайды. Бұл туралы Аллаһ Тағала: «Біліңдер, жарату және бұйрық беру Оған ғана тән. Әлемдердің Раббысы Аллаһ өте берекелі», – деген (Әғраф, 7/54).

Аллаһтың елшісі жасаған замандағы араб мүшріктері Аллаһтың Раббы екенін мойындайтын

Аллаһтың елшісі кезінде өмір сүрген кәпірлер Аллаһтың Жаратушы, абсолютті Ие және істі басқарушы екенін мойындайтын. Алайда Аллаһ Тағала: «Егер олардан «Аспандар мен жерді кім жаратты?», – деп сұрасаң, олар «Аллаһ!» – дейді», – деп айтқандай (Лұқман, 31/25), бұл сенім  олардың Исламға кіруіне жеткіліксіз болды.

Өйткені Аллаһты әлемдердің Раббысы, яғни Жаратушысы, Иесі және тәрбиелеушісі деп мойындаған адам міндетті түрде бір Аллаһқа құлшылық жасап, құлшылықты бүтіндей Оған ғана арнауға міндетті.

Бір адамның Аллаһтың барлық нәрсені жаратушы, әлемді Басқарушы, жан беруші және жан алушы екенін мойындап, құлшылық түрлерінің бірін Одан басқаға арнауы ақылға қалай сияды? Ал бұл болса, әділетсіздіктің ең жаманы, күнәлардың ең үлкені. Осы себептен Лұқман өз ұлына насихат және бағыт бере отырып: «Балақайым! Аллаһқа ешкімді серік етпе, ақиқатында Оған әлдебіреуді серік ету – үлкен әділетсіздік!» – деген (Лұқман, 31/13).

Аллаһтың елшісі : «Аллаһтың алдында ең үлкен күнә қайсы?»—деген сұраққа, «Өзіңді жаратқан Раббыңа біреуді теңеуің»,—деп жауап берген (әл-Бұхари, 4207; Муслим, 86).

Аллаһтың Раббы екеніне иман келтіру жүректерді орнықтырады

Жаратылыстардың ешқайсысы Аллаһ Тағаланың жазған тағдырынан шыға алмайды. Өйткені олардың Өз хикметіне сәйкес қалағанынша басқаратын Иесі де, барлығының Жаратушысы да Аллаһ. Ал, Одан өзгелері жаратылған, Жаратушысына мұқтаж, бейшара нәрселер болып табылады. Барлық іс бүтіндей Аллаһтың қолында. Одан басқа жаратушы да, ризық беруші де, әлемді басқарушы да жоқ. Әлемдегі ең майда нәрселердің бірі Оның қалауымен ғана қозғалса, басқасы Оның қалауымен ғана қозғалмай тұрады. Міне, осы ақиқатты білген кезде, пенденің жүрегінде бір Аллаһқа байлану, Оған деген мұқтаждық, өмірдің барлық істерінде Оған жүгіну, өмірде кездесетін жағдайларға, түрлі өзгерістерге байыптылық және ынтамен кірісу секілді сезімдер пайда болады. Адам өз өміріне қатысты қалағанына жету үшін себептерді жасап, қойған мақсаттарының жүзеге асқанын Аллаһтан сұраса, мойнындағы міндетін атқарған болады. Сол кезде оның нәпсісі басқалардың қолында болғанға қызығудан тыйылып, жаны тынышталады. Негізінде, барлық істер Аллаһтың қолында, ол қалағанын жаратып, қалағанын таңдайды.

Мұсылманның жеңілдетілген анықтамалығы

«Мұсылманның жеңілдетілген анықтамалығы» сайты, «Мұсылманның жеңілдетілген анықтамалығы» кітабының электрондық нұсқасы. Ол «Заманауи анықтамалық» компаниясының бір проектісі болып табылады. Бұл кітап 15-тен артық тілге аударылып, мазмұны бірнеше электрондық айрықша үлгілерінде қамтамасыз етілді.

“MODERN GUIDE” серіктестігі